Атырауда әйелдерге бизнес бастауға көмектесетін орталық ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды, деп хаарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа орталық «Атамекен» ҰКП Атырау өңірлік филиалының базасында жұмыс істейді.

Орталықтың қолдауымен кәсіп ашуға бет бұрған әйелдер кәсіпкерлікке оқыту курсынан өтіп, қаржыландыру, бизнесті дамыту жөнінде кеңес беріледі.

«Атырау облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері иелерінің арасында әйелдердің үлесі 52 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш 10 жыл бұрын жыл бұрын әлдеқайда аз еді. Әйелдердің кәсіпкерлікке бет бұруы – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау жемісі. Енді кәсіпкерлікті бастағысы келетін әйелдерге бизнесті құру және дамыту үшін қажетті қолдау көрсететін орталық бар. Бұл бастама кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер санының артуына елеулі үлес қосады деп есептеймін», -дейді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы-хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жетекшісінің кеңесшісі Гүлнафис Жармұхамбетованың айтуынша, кәсіпкер әйелдер стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту үшін бірқатар қызметті алады.

Сондай-ақ, оқыту бағдарламаларына, нетворкинг-іс-шараларға қатысады.

«Орталық әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, оқыту, кооперация және қажетті құзыреттерді қалыптастырып, олардың экономикалық белсенділігін арттыруға, бизнесті қолдау бағдарламалары шеңберінде жеңілдетілген кредиттер мен гранттар беруге, жұмыспен қамтуға, өндірген тауарлары мен қызметтерін өткізу нарығын кеңейтуге ықпал етеді. Осы орайда басты назарды ауылдарда тұратын әйелдерге аударуды жоспарлап отырмыз», -дейді Гүлнафис Жармұхамбетова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 26 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанын әйелдер басқаратынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар