Атырауда айыппұлын төлемей жүрген 134 борышкерден 2 млн теңге өндірілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда айыппұлын төлемей жүрген 134 борышкерден 2 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

«Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат – жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды өз еркімен төлемей жүрген жүргізушілерді анықтау. Айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыру көзделген. Мәселен, 30 мамырдан бері Атырау қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары айыппұлдарын төлеуден жалтарып жүрген 134 тұрғынды анықтады. Олардан жалпы 2 млн 72 мың 189 теңге көлемінде айыппұл өндірілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Айыппұлын төлемеген жүргізушілердің 24 көлігі арнайы тұраққа қойылды.

«Қазір айыппұлдарды төлеу әдісі жеңілдеді. Айыппұлды электрондық үкімет порталының көмегімен онлайн режимінде, екінші деңгейдегі банктердің есеп айырысу-кассалық бөлімшелерінде, сондай-ақ мобильді қосымшалар арқылы төлеуге болады. Осы орайда Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтарын әкімшілік құқық бұзушылық жасамауға, ал, егер құқық бұзушылық тіркелген болса, әкімшілік айыппұлды уақытында төлеу қажеттігін ескертеміз», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын 25 мыңға жуық атыраулық 580 млн теңгеден астам салығын төлемей жүргенін жазған едік.

Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұрғындардың жылжымайтын мүлік пен көлік салығына берешегі 580,2 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде төленбеген көлік салығы – 549,6 млн теңге.


Соңғы жаңалықтар