Атырауда әжесінен адасып қалған 5 жасар бала табылды

«Бауыр етімізге балайтын баланы жоғалтудан асқан өкініш жоқ. Баламыз жоғалғанда, дәрменсіз күйде қалдық. Өзіміз іздестіргеннен нәтиже шықпады. Дүкенде ілінген жаднамадағы полиция инспекторларына қоңырау шалдым. Полицейлер лезде жауап беріп, жедел іздестіруді қолға алды. Жоғалған баламызды тауып беріп, отбасымызға оралтқан №15 учаскелік полиция инспекторлары, полиция капитаны Ғизатолла Рахметов пен полиция лейтенанты Өмірзақ Махановқа шын ниетіммен алғысымды білдіремін. Қиналған кезде полиция қызметкерлерінің қорғанымыз болатынына көзім жетті», - дейді баланың анасы Гүлжихан Хуресова.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, баланың жоғалғаны туралы хабар 12 сәуірде сағат 19:30 шамасында берілген.
«Егде жастағы әйел №15 учаскелік полиция инспекторларына қоңырау шалып, өзінің 5 жасар немересінің қас-қағым сәтте жоғалып кеткені жөнінде арызданған. Әжесі «Мұнайшы» шағын ауданындағы азық-түлік дүкеніне кіріпті. Сол кезде немересі ойнап кеткені анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жоғалған баланы іздеу үшін барлық полиция учаскесінің инспекторларына бағыт-бағдар берілді. Әсіресе, адамдар көп жиналатын орындар, жақын маңдағы шағын аудандар тексерілді. Бала «Геолог» елді мекеніндегі Жаңалы көшесінің бойынан табылды. Ол көшеде жалғыз өзі жылап келе жатқан.
Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық ана ит талаған баласын ауруханаға жеткізген полицейге алғыс айтқанын жазған болатынбыз.