Атырауда «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» науқаны өтеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» науқаны аясында түнде балаларды еңбекке заңсыз тарту фактілерін анықтауға бағытталған рейдтер түнде өтеді.

Атырауда «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» науқаны өтеді

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында акция ұйымдастырушылары - облыстық білім басқармасы мен облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының және Ішкі істер министрлігінің ювеналды полиция бөлімінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда 1 маусым - Балаларды қорғау күні халықаралық мерекесі қарсаңында бала еңбегіне қатысты 12 күндік ұлттық ақпараттық науқан ұйымдастырылады. Науқанды ұйымдастырушы облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, шара барысында 12 күн ішінде түнгі уақыттарда рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, кездесулер, дөңгелек үстелдер мен пікірталас, балалар арасында байқаулар өтеді.

«Рейдтік іс-шаралар 1 маусымнан басталады. Құқықбұзушылық әрекеттері анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғалып, кәмелет жасына толмаған азаматтарға 80 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заңсыз жұмысқа алған тарап та жауапқа тартылады. Сондай-ақ, науқан барысында балалардың белгіленген уақыттан кейін ата-анасынсыз көшеде жүру жағдайлары тексерілетін болады»,-дейді Атырау облыстық мемлекеттік Еңбек инспекциясы баспасөз қызметінің бас маманы Дина Ахметова.

Облыстық Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция тобының аға инспекторы Орынгүл Көшқалиеваның айтуынша, өткен жылы облыста заңсыз жұмысқа орналасу бойынша 30-дан аса бала әкімшілік жауапқа тартылып, кәмелетке толмаған балаларды қызметке қабылдаған 19-дан аса мекеме басшыларына іс қозғалды. Биылғы жылы осы мәселе бойынша 25-тен аса әкімшілік іс қозғалып, 9-дан аса мекеме басшысы жауапқа тартылды.

Айта кету керек, рейдтік науқанмен қатар облыста кәмелетке толмаған балаларды заңды түрде еңбекке тарту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 14 жастан 18 жасқа дейінгі студенттерге ақылы еңбек түрлерін ұсынады. Еңбек етуге ниетті тұлғалар Азаттық көшесі, 31а мекен-жайына барып немесе 8 (7122) 32 22 28 байланыс телефонына хабарласып, қоғамдық жұмысқа қатысу туралы өтінішін бере алады.

Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде «Жасыл Ел» бағдарламасында жұмыс жасауға ниетті студенттер жастар ресурстық орталығына хабарласа алады.