Атырауда балалар жауынгерлік жекпе-жек түрлеріне үйретіледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін  Атырау қаласында жаңа «Мерген» спорт клубы салтанатты жағдайда ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда балалар жауынгерлік жекпе-жек түрлеріне үйретіледі

Клубтың негізгі бағыты - жауынгерлік жекпе-жек түрлері бойынша балаларды дайындау. Онда ММА, грэпплинг, муай-тай және балалар гимнастикасынан жаттығулар жүретін болады.


Клубты бір топ кәсіпкерлер, спорт жанашырлары өз қаражаттарына салған.

«Мақсатымыз пайда тауып, атағымызды шығару емес. Жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап, өскелең ұрпақтың дені сау болуына қол ұшымызды беру болып табылады», - дейді кәсіпкер Медет Мұсаұлы.


Клубқа келушілерді еліміздің абыройын асқақтатып жүрген танымал спортшылар Абылай Төлеш, Ищан Галиев, сондай-ақ Ресейден арнайы шақыртылған жекпе-жек шебері Мухаммад Курбановтар жаттықтыратын болады.

Айта кету керек, ғимараттың құрылысына Мәскеуден арнайы мамандар шақыртылған. Мұнда спортшылар кәсіпқой деңгейде еш қиындықсыз дайындала алады.