Атырауда басқарма басшысы жедел жәрдем бригадасымен шақыртуларға барды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы жедел жәрдем бригадасына ілесіп екі шақыртуға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«15 сәуір күні кешкі 23:00-ден бастап жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге шақыртуға шықтым. Алғашқы шақырту пациенттің өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмек талап етілетін I категория болғандықтан, аталған мекенжайға жетуімізге 7 минуттай уақыт кетті. Алайда, үйдің есігі құлыптаулы болып, шақырту берген адам ұялы телефонын көтермей, жарты сағатқа жуық уақыт күттік. Белгілі болғандай, созылмалы холециститпен ауыратын пациент эпигастрий аймағына ауырсыну синдромымен шақырту түсірген. Пациент алкагольді ішімдік пайдалған, ауруханаға барудан бас тартты. Ауырсынуды басатын дәрі ектік», - деп жазды Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев Facebook-тегі парақшасында.


Оның айтуынша, екінші шақыру жүктіліктің ерте мерзімінде қан кетумен байланысты болған. Шақыртуға барғанда жүкті әйел ес-түссіз жатқан. Бірден алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізілген.

«Науқастың дәрігерлерге уақытылы тексерілмегені белгілі болды. Бұл – тек екі шақыртуда орын алған оқиғалар. Ал жедел жәрдем қызметкерлері тәулігіне 500-ге жуық шақыртуға барып, әртүрлі қиындықты бастан кешіреді. Олар үшін адам денсаулығын сақтауда әр минут маңызды екенін айтқым келеді. Кей жағдайларда науқастар тарапынан да келеңсіз оқиғалар орын алады. Жұртшылық жедел жәрдем қызметіне көңілі толмайтынын айтады. Бірақ 103 медициналық қызмет түріне негізсіз жүгінетіндердің қатары да көп. Сол себептен, жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысына түсіністікпен қарауға шақырамын», - деді Қайсар Абдалиев.

Енді басқарма басшысы ай сайын жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге шақыртуға шығуды қолға алмақ.

Еске сала кетелік, Қайсар Абдалиев Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып биылғы 6 сәуірде тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар