Атырауда бір күнде 1 мыңнан астам көшет егіліп, 34 тонна қоқыс жиналды

Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Таза табиғат» республикалық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылған.
«Мұнайлы шаһарда 15 наурыз бен 15 мамыр аралығында тазалықтың екі айлығы өтіп жатыр. Осыған байланысты әр апта сайын сенбілік өткізіліп келеді. Ал, «Таза табиғат» республикалық акциясын қолдау мақсатында қаланың әр аумағын қамтыған сенбілікке 29 техника тартылып, 34 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілікке қатысушылар Әбілқайыр хан даңғылына, «Самал» шағын ауданы мен ауылдық округтерде 1 095 тал көшетін екті», -деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мемлекеттік қызметшілер Жайық жағалауын қоқыстан тазартқан болатын.
Мемлекеттік қызметшілер Жайық өзенінің 4 шақырымға дейінгі жағалауынан тұрмыстық қоқыстарды жинауға қатысты.
Жиналған қоқыс «Арнайыавтобаза» ЖШС-нің көліктерімен арнайы полигонға тасымалданды.
Кейін атыраулықтар Оралға қатынайтын жол жиегіне 500 көшет еккенін хабарлаған болатынбыз.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың мәліметінше елді мекендерінде көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары бар.

Соның аясында 275 гектар аумаққа 540 мың көшет егіледі. Биыл 54,7 га жерге 111 042 көшет жоспарланған.
«Атырау облысында ормандарды өсіру мен молайтудың кешендік жоспарына сәйкес 5 жылда 2 803 гектар алқапқ 7 млн көшет егу жоспарға енгізілді. Соған сәйкес 2023 жылы 573,5 гектар жерге 1 439 мың көшетін егу жоспарланған еді. Қазір көшет егу жұмыстары жүргізіліп жатыр», -деді Нұрлан Жантоқов.

