Атырауда бір күнде интернет алаяқтыққа қатысты 8 қылмыс ашылды
Атырау облысының полицейлері 18-20 тамызда ақпараттық технологиялар арқылы, соның ішінде интернет алаяқтықпен жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің
тиімділігін арттыруға бағытталған «Anti-fraud» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізуде.
«Алғашқы күнінде Атырау облысында бұрын жасалған алаяқтық сипаттағы 8 интернет қылмыс ашылды. Сондай-ақ, порнографиялық материалдарды тарату фактісі анықталып, ҚР Қылмыстық Кодекстің 311-бабымен (Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Бұған қоса, тәртіп сақшылары Қарағанды облысы тұрғынының алаяқтық әрекетін әшкереледі. Ол Instagram әлеуметтік желісінде жиһаз сату туралы хабарландыру
жариялап, сатып алушы – Атырау қаласының тұрғынынан 260 000 теңге көлемінде алдын ала төлем алған. Сонан соң ізін жасырып, байланысқа шықпай қойған. Тексеру кезінде ұсталған азаматшаның осындай бірнеше алаяқтық қылмысқа қатысы бары анықталды. Өз кінәсін толық мойындаған азаматша әзірге қолхатпен босатылды», деп
хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тұрғындарды қаржы пирамидасына тартқан азамат ұсталған болатын.