Атырауда бір мектептің 28 түлегі мемлекеттік білім грантына ие болды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бір мектептің 28 түлегі мемлекеттік білім грантына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, биыл 211 мектептің 11-сыныбын 6 081 түлек бітірген. Оның ішінде 159 түлек «Алтын белгіге» ие болған.
«Мектеп түлектерінің бәрі де жоғары оқу орнында мемлекеттік білім грантымен оқығысы келеді. Алайда грант тек мектепте сапалы білім алған түлектерге беріледі. Мәселен, биыл Атырау қаласындағы «Зияткер» мектебін 32 оқушы бітірді. Оның ішінде 28 түлек мемлекеттік білім грантымен жоғары оқу орнына түсті. Студент атанғандар –аталған мектеп түлектерінің 88 пайызы. Бұл – «Зияткер» мектебі үшін үлкен абырой әрі сапалы білімнің нақты көрсеткіші», - деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың мәліметінше, биыл Атырау облысының мектеп бітірген түлектері үшін 1 500 нысаналы грант бөлінген.
«Бұл – тек Атырау облысының түлектеріне бөлінген грант. Мәселен, педагогика саласы үшін 283, жаратылыстану, математика және статистика бағытына – 49, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандығына – 561, инженерлік, өңдеу және құрылыс индустриясына – 607 грант бөлінді. Нысаналы грант конкурсына қатысатын үміткерлер жалпы грант конкурсына да құжат тапсыра алады. Бірақ нысаналы грант арқылы талапкер төрт қаланы және сол қаладағы барлық жоғары оқу орындарын белгілеуге мүмкіндігі бар», - деген еді Руслан Емелбаев.
Жыл сайын мектеп түлектеріне Атырау облысы әкімінің гранты бөлінеді. Биыл әкім грантының саны – 240.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында мектеп бітіретін 167 түлек Алтын белгіге үміткер болып отырғанын жазған едік.