Атырауда бірқатар еңбеккерлер марапатталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара өтті, - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Атырауда бірқатар еңбеккерлер марапатталды


Санитария нормаларын сақтай отырып ұйымдастырылған жиында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов атыраулықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, атаулы датаның маңызына тоқталды.

«Бұл - ұлт арманы ақиқатқа айналған күн. Біз, тасқа тарихын жазып іргелі​ мемлекеттер құрған елдің ұрпағымыз» деген облыс әкімі еліміз егемендік алған жылдан бүгінге дейінгі жетістіктерді де атап өтті.

«Отыз жылға жуық уақыт ішінде ордалы елге айналдық.​ Кезіндегі Түркі Қағанаттарының қаһарын, алапат Алтын орданың айбынын Ақ орда салтанатымен асқақтатты. Халықаралық қауымдастықтың төріне шығып, іргелі кеңестерде төрелік айтқан сәттеріміз де көп.​ Қысқа уақытта «Қазақстан» деген айбынды елдің есімі​ әлемнің саяси картасына шегеленіп, жаһан жұртының жадына жазылды. Қазір саяси-экономикалық даму қарқынымыз стратегиялық мақсаттарымызға сай өрістеп келеді. Елбасы салған сара жолды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтіп, тың серпінмен дамытуда» , - деді аймақ басшысы.

Салтанатты шара барысында​ Махамбет Досмұхамбетов «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ президентінің кеңесшісі Тасқира Мүрсалиеваға, еңбек ардагері Мақсым Ізбасовқа «Парасат» орденін табыс етті.

Атырау инженерлік – гуманитарлық институтының ректоры Ерсайын Ихсанов, еңбек ардагері Амангелді Құлбатыров, «Атырауинжстрой» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Пак, еңбек ардагері Любовь Монастырская «Құрмет» орденімен марапатталды.

Тағы бір топ атыраулыққа​ ​ ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені,​ «Шапағат» медалі, «Ерен еңбегі үшін» медалі,

ҚР Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Құрмет грамотасы табыс етілді.

Бұдан бөлек, жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін өңірдің төрт бірдей азаматына «Атырау облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Оған Нұғман Қарабалин, Төкен Жұмағұлов, Қуанышкерей Самешов, Жайдарбек Зайдуллин лайық деп танылды.