Атырауда бірнеше мектептің оқушылары жөндеу жұмысына байланысты өзге білім ордасында оқиды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында бірнеше мектептің оқушылары өзге білім ордасында оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда бірнеше мектептің оқушылары жөндеу жұмысына байланысты өзге білім ордасында оқиды

Атырау қалалық білім бөлімінің асшысы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, 5 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты оқушыларды өзге білім ордаларында оқыту көзделіп отыр.

«Мәселен, №27 мектептің бастауыш сынып оқушылары қосымша салынған ғимаратта, ал жоғары сыныптың оқушылары №22 және 24-мектепте оқитын болады. Қ.Сатпаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін қосалқы нысан табу мәселесі қарастырылып жатыр. Биылғы ақпанда төбесінен су ағуына байланысты жабылған №30 мектеп-гимназиясының шәкірттері үшін төрт білім ордасы таңдалып отыр. Бұл – энергетика және көлік-коммуникациялық колледждері, «Білім-Инновация» лицей-интернаты мен №3 орта мектеп. Ал, №22 және 31-мектептегі жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталады», -деп хабарлады Айнагүл Дүйсекенова.

Оның айтуынша, кешенді тексеруден кейін үш білім ордасының ғимараты апатты жағдайда екені анықталған. Бұл – Ы.Алтынсарин, С.Мұқанов және М.Ломоносов атындағы мектептер.

«Сол себептен, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары Ғ.Мүсірепов және Ж.Нәжімеденов атындағы білім ордаларына оқуға ауыстырылады. С.Мұқанов атындағы мектептің шәкірттері №34 мектеп пен ұлттық гимназияның ғимараттарына оқуға барады. Ал, М.Ломоносов атындағы білім ордасының оқушылары дәрісті М.Бекмұхамбетов, Ә.Жангелдин және М.Мөңкеұлының есімі берілген білім ордаларында алады», -деп мәлім етті Айнагүл Дүйсекенова.

Жөндеу жұмысы аяқталмаған Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназиясының директоры Досжан Болатбекұлының айтуынша, оқушылар өзге білім ордасына уақытша ауыстырылады.

«Қазір ата-аналарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Біздің оқушылар бірінші тоқсанда Ш.Уәлиханов атындағы №9 орта мектепте оқитын болады. Сабақты үшінші ауысымда оқиды. Бұл әрине, уақытша туындаған қажеттілік. Мектептегі жөндеу жұмыстарын 30 қыркүйекте аяқтау жоспарланып отыр», -деп хабарлады Досжан Болатбекұлы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 6 мектептегі жөндеу жұмысы жыл соңына дейін жалғасатынын жазған едік.

https://kaz.inform.kz/news/atyrau-oblysynda-6-mekteptegi-zhondeu-zhumysy-zhyl-sonyna-deyin-zhalgasady_a4099654