Атырауда бірнеше рет пара алған шенеунік 31 млн теңге айыппұл төлейді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласының №2 сотында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Рашид Алипбаев және аталған басқарманың бөлім меңгерушісі Асылбек Омарқұловқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Сотқа дейінгі тергеу органдары Р.Алипбаевқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 366-бабының 3-бөлігі 1),4) тармақтары (бірнеше рет қорқыту арқылы пара алу) бойынша айып таққан. А. Омарқұлов Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық), 366-бабы (Ірі мөлшерде пара алу), 368-бабы (қызметтік жағдайын пайдалану арқылы парақорлыққа делдал болу) бойынша сотқа берілген.
Р.Алипбаев және А.Омарқұлов сотқа дейінгі тергеу барысында кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісімшарт жасағандықтан, оларға қатысты қылмыстық іс сотқа прокурордың келісімдік өндіріспен қарау туралы өтінішімен түскен.
Тергеу органдары анықтағандай, А.Омарқұлов 2018 жылдың сәуір айында қала тұрғынынан салмақ түсетін және қоршалатын конструкциялар бөлігінде бірінші деңгейдегі жауапкершілік көзделген объектілерге техникалық бақылау сарапшысының аттестатын беру үшін 200 000 теңге алған. Кейін ол ақшаны Р.Алипбаевқа пара ретінде берген.
Сондай-ақ, сәуір айында Р.Алипбаев МСҚББ атынан ұсынымдық хат беру үшін қала тұрғынынан 250 000 теңге пара алған.
Бұдан басқа, 2018 жылдың мамыр айында белгілі ЖШС өндіріс бойынша директоры «е-gov» порталы арқылы лицензияға қосымша жұмыстарды енгізу туралы тапсырыс беріп, алайда оның тапсырысынан бас тартылған. Кейін ол А.Омарқұловқа көмек сұрап келген, ал ол мәселені шешу үшін 200 000 теңге талап еткен.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында басқа ЖШС 1 және 2 санаттағы жобалық қызметке лицензия алу мақсатында МСҚББ-ға халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжаттарын тапсырған, алайда оған да лицензия берілмеген. Аталған ЖШС өкілі МСҚББ басшысының міндетін атқарушы А.Омарқұловқа жүгініп, ол жағдайды оңтайлы шешу үшін 24 000 АҚШ долларын талап еткен" деп xабарлады Атырау қаласы №2 сотының баспасөз қызметінен.
Нәтижесінде ол ақша алу сәтінде құрықталған.
Сот Алипбаев пен Омарқұловты қылмыстық әрекеттері үшін кінәлі деп таныды.
"Сот үкімімен Р.Алипбаевқа параның жетпіс еселенген мөлшерінде, яғни 31 500 000 теңге айыппұл салынды. А.Омарқұловқа 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу белгіленді.Сондай-ақ, олар өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды" деп xабарлады баспасөз қызметінен.