Атырауда биыл қыста 40 мыңнан аса адам ЖРВИ жұқтырған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Былтырғы желтоқсаннан бері жіті респираторлық вирустық инфекциямен 40 мыңнан астам атыраулық ауырған. Бұл ауру әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасында көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда биыл қыста 40 мыңнан аса адам ЖРВИ жұқтырған

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың эпидемиялық маусымы желтоқсаннан мамырға дейін созылады.

Былтырғы 1 желтоқсаннан бергі эпидемиялық маусымда жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 41 661 жағдайы тіркеліп отыр.

Бұл инфекциямен 14 жасқа дейінгі 26 186 бала, 3 210 жүкті әйел ауырғаны белгілі болды.

«Ал, тұмау вирусының алғашқы жағдайы 2022 жылдың 30 қыркүйегінде тіркелді. Осыған байланысты науқастардан алынған 489 үлгінің 65-нен тұмау ауруының қоздырғышы бар екені дәделденді. Оның ішінде 37 үлгіден тұмау вирусының В типі, 28 үлгіден тұмау вирусының А типі анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында соңғы төрт жылда алғаш рет қызылша жұқтырғандар тіркелгенін хабарлаған едік.

Атырау облысында биылғы наурыз айында қызықша ауруының 4 жағдайы тіркелген.

«Алғашқы жағдай бізге шет елден келген жасөспірімнен анықталды. Түркия елінен келген азаматтың баласы вирусты сол жақтан жұқтырып келген. Қазір қызылша жұқтырған 4 жағдайдың біреуі зертханалық талдаумен дәлелденді. Қалған 3 жағдайдың зертханалық нәтижесін күтіп отырмыз», -деп хабарлады департаменттің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева.