Атырауда «бомба қойылған» мектептен жарылғыш зат табылған жоқ

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда «бомба қойылған» мектептен жарылғыш зат табылған жоқ. Жалған ақпарат берген адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласындағы №2 мектептің ғимаратын тексеру кезінде жарылыс құрылғылары табылған жоқ.

«Қазір «мектепке бомба қойылды» деп жалған хабар берген адамды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратушы ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабымен қылмыстық жазаға тартылады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің дерегінше, аталған мектепте қажетті дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.

«Оқушылар Іnstagram әлеуметтік желісінде Атырау қаласында орналасқан Ж. Нәжімеденов атындағы №2 мектепке қойылған бомба туралы хабарлама жариялады. Осыған байланысты полиция мен білім бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, 800 оқушыны, 70 педагог пен техникалық персоналды эвакуацияланды. Мектеп әкімшілігі балаларды эвакуациялау туралы ақпаратты ата-аналардың чаттарына жедел таратуды ұйымдастырды. Мұғалімдердің жедел іс-әрекетінің нәтижесінде ата-аналар балаларын алып кетті. Екінші және үшінші ауысымда оқитын оқушылар үшін оқу-тәрбие процесі қашықтан жүргізіледі. Құқық қорғау органдары жүргізген тексеру аяқталғаннан кейін мектепте қажетті дезинфекциялық жұмыстар атқарылады», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда «бомба қойылған» мектептен 70 мұғалім мен 800 оқушы эвакуацияланғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар