Атырауда браконьерлерден бекіре мен есірткі тәркіленді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 120 келіден астам бекіре мен есірткіні заңсыз сақтаған үш адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, үш күдіктінің есірткі өнімдері мен бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сақтағаны анықталды.

«Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Атырау қалалық полиция басқармасының №1 қалалық бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде үш ер адамды анықтап, ұстады. Олардың біріне тиесілі көлік гаражын тінту кезінде салмағы 101 келі қара балық, 20 келі бекіре тұқымдас балықтар түрлері, 7 дана көлемінде есірткіге ұқсас заттар табылды. Бұдан бөлек, күдіктідердің тағы бірінің гаражынан 5 дана моторлы қайық пен тіркелмеген 16 калибрлі екі ұңғылы мылтық табылып, тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір айғақты заттармен ұсталған үш күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен, 296-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдіктілердің жасы – 46, 41 және 38-де. Оларға бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында браконьерлерден 2,5 тонна балық тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.

Күзгі «Бекіре-2022» іс-шарасы кезінде Балық қорына заңсыз қол сұққан 154 құқық бұзушы ұсталып, олардан 2 тонна 538 келі балық тәркіленді. Оның ішінде 438 келі бекіре тұқымдас балықтар бар. Құқық бұзушылардан 153 балық аулау және 3 су көлік құралдары алынды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабымен (Балық аулау қағидаларын бұзу) 143 адам жауапкершілікке тартылды.


Соңғы жаңалықтар