Атырауда булану алаңында күкіртсутегі нормадан асып кетті
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыркүйектің алғашқы күндерінде жағымсыз иістің жиілеп кетуіне байланысты «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның басшылығына ауаға мониторинг жүргізу ұсынылған.
«Осыған байланысты 17 қыркүйекке қараған түнде Атырау қаласында атмосфералық ауаның сапасын зерттеу мақсатында «АМӨЗ» ЖШС-ның ұйымдастыруымен «Тухлая балка» булану алаңының санитарлық-қорғау аумағынан тыс жерлерден ауадан сынама алынды. Сынамаларды алу барысын облыстық экология департаменті, Атырау қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, «АМӨЗ» ЖШС, «Қазгидромет» РМК-ның өңірлік филиалы мен экология белсенділері, сондай-ақ, өзге де зертханалық талдау жүргізетін мекемелердің өкілдері бақылады. Иістің шығатын уақыты түнгі және таңғы мезгіл болғандықтан, бақылау түнгі сағат 2:00-ден таңғы сағат 5:00-ге дейін жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде «Тухлая балка» су булану алаңында күкіртсутегі ингредиентінің шекті рұқсат етілген нормадан асу дерегі тіркелді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Енді департамент мамандары «АМӨЗ» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Сол кезде күкіртсутегі ингредиентінің нормадан асқаны ескерілмек.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғысынан түтін шыққанын хабарлаған болатынбыз.