Атырауда бұрынғы әйелін ұрып, белгісіз бағытқа әкеткен ер адам ұсталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда деструктивті діни ағымның өкілі бұрынғы әйелін ұрып, полицияға қарсылық көрсеткен. Қазір оның үстінен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ер адам әйелді ұрып-соғып, көлікке сүйреп мінгізіп алып кеткен. Әйел көмек сұраған.

Бұл туралы оқиғаның куәгерлері 102 желісінің операторына хабар берген.

«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, күдікке ілінген Honda автокөлігін Атырау-Қарабатан тасжолынан анықтап, тоқтатты. Көліктің рульінде болған 1987 жылғы жүргізуші полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, заңды талабына бағынбаған. Ал 1988 жылғы әйел бұрынғы күйеуінің өзін ұрып-соғып, дене жарақатын салғанын, еркінен тыс көлікпен белгісіз бағытқа алып бара жатқанын мәлімдеді. Тексеру кезінде көлік жүргізушісінің бұрын сотты болғаны, деструктивті діни ағым өкілі екені анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Әйелден зорлық-замбылық белгілері анықталған. Сот шешімімен 1987 жылғы жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-2 бабымен кінәлі деп табылды. Ол 2 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

«Бұрын дәл осындай құқық бұзушылықты төрт мәрте жасаған ер адам бұдан былай полицияның бақылауында болады. Сондай-ақ, ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 2 бөлігімен (Билік өкілін қорлау) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда дағдарыс орталығына жыл басынан 24 әйел мен 63 бала түскенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram referendum