Атырауда бюджеттің 194,2 млн теңге қаржысын жымқырды деген күдіктілер ақталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бюджеттің 194,2 млн теңге қаржысын жымқыру күдігіне ілінгендер ақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атыраудағы №2 қалалық сотта қызметтік бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін, аса ірі мөлшерде иемденді деген айыппен ЖШС-нің директоры, әрі құрылтайшысы К.-ға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті лауазымды адам бола тұра, қызмет бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салды деген айыппен Атырау облысы білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Х-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі, 2) тармағымен айып тағылған.

«К. ЖШС-нің директоры, әрі құрылтайшысы бола тұра, 2020 жылы коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеулер енгізіліп, қашықтан оқу форматына ауысу кезінде қызмет бабын пайдаланып, техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтін планшеттер мен ноутбугтарды өткізіп, бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденген. Ал, Х. 2020 жылы өзінің қызметтік бабын пайдаланып, оқушыларға бөлінген техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтін планшет пен ноутбуктерді қабылдап, бөлінген қаражатты мемлекеттік сатып алу шарты негізінде талан-таражыға салып, мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтірген. Шығын мөлшері – 194 млн 205 мың 522 теңге», -деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.

Қылмыстық іске байланысты прокурордың талабы – сотталушы Х. мен К-ны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау. Ал, жәбірленушінің өкілі сотталушылар кінәлі деп таныған жағдайда келтірілген мүліктік залалды өндіруді өтінді. Сотталушылар мен қорғаушылар тағылған айыппен келіспей, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

«Сотталушыларға айып тағуға Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің криминалистикалық бөлімінің басшысымен жасалған қорытынды, «L» ЖШС-нің жүйе инженерімен жасалған техникалық шарттарға сәйкестігін тексеру актісі, «R» ЖШС-нің директорының орынбасарымен жасалған қорытынды негіз болған. Алайда тергеп-тексеру кезінде жүргізілген тергеу эксперименті барысында қорытындылардың қате жасалғаны анықталып, өз дәлелін таппаған. Айыптау тарапынан сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін басқа дәлелдемелер келтірілмеген. Осылайша, сот отырысында сотталушылардың қызметтік бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену және талан-таражға салу фактісі өз дәлелін таппады», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот ҚР Қылмыстық-поцестік кодексінің 35-бабының 1-бөлімі, 2) тармағына сәйкес, Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2) тармағымен айыпталған Х.-ның және К.-ның іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тағылған айыптан ақталуға тиіс деген тұжырымға келді. Сот сотталушыларлардың, қылмыстық іс жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерімен келтірілген зиянды заңсыз қылмыстық қудалау үшін өтеттіру құқығын таныды.

Сонымен қатар, сот Атырау облыстық прокуратурасына жеке қаулы шығарды. Осы іс бойынша тергеп-тексеру барысында жіберілген заң бұзушылықтарға Атырау облысы прокурорының назарын аударып, болашақта болдырмау жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттілігіне аударды.

Сот үкімі және жеке қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын жемқорлық бабымен сотталған Атырау облысы әкімі бірінші орынбасарының үкімі өзгеріссіз қалғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар