Атырауда «Coworking» және IT-сыныптары ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда «Нұр Отан» партиясының жаңа жобасы аясында бүгін Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжі базасында 6 коворкинг аймағы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда «Coworking» және IT-сыныптары ашылды

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, аталмыш партияның бастамасымен кітапханаларды заманауи білім орталық¬тары ретінде қайта құрып, олардың жұ¬мысын жандандыру ісі қолға алын¬ды. Коворкинг орталығында жастар күнделікті сабақтарына, емтихандарына дайындалып, пікір алмаса алады. Бой сергітіп, спортпен шұғылдану орны да қарастырылған.

Айта кету керек, осы іспеттес коворкинг орталығы осыған дейін Ғабдол Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханасы базасында ашылған болатын.

Колледж кітапханасына келушілерге заманауи бағытта қызмет көрсететін орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев қатысты.

Сондай-ақ бұл күні «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының бастамасымен № 13 Д. Байбосынов атындағы ұлттық гимназиясы базасында балаларға арналған IT-сынып ашылды.

«IT-сыныпта оқушылар қарапайым алгоритмдерді құруға, еуропалық білім беру стандарттарына сәйкес бағдарламаларды игеруге мүмкіндік алады»,-дейді ұлттық гимназия директоры Жанаргүл Атчибаева.

Айта кету керек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жоба аясында Атырау облысында биыл 10 ІТ-сынып ашу жоспарланған. Бұл мектептерде 2018 жылы 700, 2019 жылы 1500, 2020 2000 бала оқытылатын болады.