Атырауда дәмханалар түн ортасына дейін жұмыс істейді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда дәмханалар мен мейрамханаларға түн ортасына дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы облыстың бас санитар дәрігері Мәдениет Танауовтың жаңа қаулысында айтылған.
«Қоғамдық тамақтану объектілеріне, оның ішінде жазғы алаңқайларда сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін (ұжымдық іс-шаралар өткізбей, 50-ден аспайтын отыратын орын орнатып, үстелдер арасындағы қашықтық кемінде 2 метр сақталуын, бір үстелде 4 адамнан артық отырғызбауды қамтамасыз етіп) жұмыс жасауға рұқсат етіледі», -делінген қаулыда.
Сондай-ақ, сауналардың жексенбіде жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Алаңдарда, парктер мен скверлерде, жағалауларда балалар мен ересектерге арналған жылжымалы ойын құралдарын жалға берудің, уақытша бөлшек сауданың орналасу орны мен жұмыс кестесі жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша анықталады.
Жаңа қаулы 4 маусымнан сағат 00:00-ден бастап заңды күшіне енеді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында шектеу шаралары күшейтілген еді.