Атырауда дзюдодан жастар арасындағы чемпионат өтіп жатыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда дзюдодан жастар арасындағы чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жайық жағасындағы додаға еліміздің барлық өңірлерінен келген 500-ге жуық 1999-2001 жылдары туған жас спортшылар жиналды.
Дзюдодан ҚР чемпионатын Атырау облысының әкімі ашты. Нұрлан Ноғаев өз сөзінде спортшыларға табыс тілеп, биыл Конфедерация кубогын жеңіп алған атыраулық дзюдошылардың табысын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спортты дамытуға бағытталған шаралар жасалып жатыр. Көптеген жаңа нысандар салынып, үйірмелер, секциялар, спорт алаңдары ашылды. Алға қарай да жұмысты жалғастырамыз», -деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, чемпионат 5 наурызға дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша дзюдодан Қазақстан Республикасының құрамасы жасақталады. Бұл бәсеке Жастар жылына және жас қазақстандықтар арасында спортты насихаттауға арналған.