Атырауда егіс алқаптарының көлемі артты
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Биыл Атыраудағы егіс алқаптарының көлемі 8237 гектарға жетіп, былтырғы көрсеткіштен 8,3 пайызға артты.
Бұл туралы бүгін Атырау облыстық әкімдігінде өткен кезекті жұмыс отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баяндама жасаған Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және ветеренария басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев облыста егін егу жұмысының аяқталғанын атап өтті.
Оның айтуынша, көкөністер - 2 538 гектар аумаққа, бақша дақылдары - 1 035 гектарға, картоп 2 023 гектарға, мал азықтық дақылдардары 2 808 гектарға егілген. Жоспардан тыс 175 гектар алқапқа жемдік мақсатта пайдаланылатын арпаның егілгені де белгілі болды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аймақ тұрғындарын арзан әрі сапалы ауылшаруашылық өнімдерімен уақтылы қамтамасыз етудің маңызын айтып, бұл бағыттағы жұмысты бәсеңдетпеуді тапсырды.
"Егістің ең бірінші өнімділігін арттыру, оны уақтылы жинап алып, арзан бағаман халыққа тікелей жеткізу, бағаны қымбаттатпау - басты меже", - деді Нұрлан Ноғаев.