Атырауда екі күнде 29 автокөліктің бөлшектерін ұрлаған үш күдікті ұсталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі күнде 29 автокөліктің бөлшектерін ұрлаған үш күдікті ұсталды. Көлік иелеріне келген шығын 2,5 млн теңгеге жуық, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікке ілінген үш адам түнгі мезгілде ұрлық жасауға шыққан.
«Атырау қаласының полиция басқармасына №2 қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері 29 автокөліктің бөлшектерін жасырын жымқырды деген күдікпен үш адамды анықтап, ұстады. Ұрлық жасаған үш күдікті – Атырау қаласының тұрғындары. Күдіктілер 25-26 қазан күндері түнгі мезгілде әртүрлі автокөлік бөлшектерін, сондай-ақ, көлік ішінде қалдырылған ақшалай қаражаттарды қолды еткен. Жәбірленушілерге келтірілген залал мөлшері – 2,5 млн теңгеге жуық», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір полиция қызметкерлері ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 2,3-тармақтарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуді бастады. Күдіктілерге қатысты 26 қылмыстық іс тіркелген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көліктен 20 млн теңге ұрлаған күдікті ұсталғанын хабарлаған едік.
«Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытына қатынайтын тас жолдың бойында тұрған «DAF» маркалы ауыр жүк көлігінің салонынан 20 млн 445 мың теңге салынған сөмке ұрланған. Қомақты қаражатты қолды еткен 23 жастағы күдікті Мақат ауданының аумағынан ұсталды. Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.