Атырауда экоұрықтандыру тәсілімен бала сүюге 232 квота берілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда экстракорпоральды ұрықтандыру тәсілімен бала сүю үшін 232 квота берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда экоұрықтандыру тәсілімен бала сүюге 232 квота берілді

Атырау облысының бас репродуктологы Айгүл Жанділдашеваның мәліметінше, бұл былтырғы квотадан 8 есе көп.

Өткен жылы бала сүюді аңсаған жұптарға 37 квота берілген.

«Облыста 800-ге жуық жұп экстракорпоральды ұрықтандыру кезегінде тұр. Алдымен балалы болғысы келетіндер комиссиялық тексеру жүргізетін репродуктологтардың тексеруінен өтеді. Өйткені, бізде ЭКҰ үшін әйелдерге жолдама берудің белгілі бір критерийлері бар. Біріншісі – 18-ден 42-ге дейінгі жас шектеуі. Екіншісі – антимюллер гормоны біреуден кем болмауы тиіс. Үшіншісі – гормондарды ынталандыратын фолликула 12 мм-ден аспауы тиіс. Төртіншісі – ерлерге қойылатын критерий», - деді Атырау облысының бас репродуктологы Айгүл Жанділдашева.

Оның айтуынша, егер әйелдің жасы 42-ден асқан болса, оның ақылы ЭКҰ процедурасына жүгіну мүмкіндігі бар.

Мұндай жағдайда оның бағасы шамамен 1,5 млн теңге тұрады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, былтыр атыраулық әйелдердің аталған тәсілмен жүктілік көрсеткіші 44%-ды құраған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда екі жылда экоұрықтандырумен 177 сәби дүниеге келгенін хабарлап едік.