Атырауда ең үздік кәсіпкер әйелдер таңдалды
Байқаудың аймақтағы іріктеу кезеңіне 7 кәсіпкер әйел қатысты. Олардың қатарында ресторатор, сұлулық салонының басшысы, диетолог, балалар шығармашылығы мен оңалту орталығының, фитнес орталығының нәзік жанды басшылары бар. Қатысушылар 3 кезең, атап айтқанда, таныстыру, сұрақ-жауап және шығармашылық кезеңдері бойынша сынға түсті.
«Бұл республикалық байқау елімізде алғаш рет ұйымдастырылуда. Байқаудың мақсаты әр өңірдегі беделді, бірқатар жұмыс орнын құрып, салық төлеп отырған іскер әйелдерді насихаттау. Олар өз-өздерін ірі байқауларда көрсетіп, халық ықыласына бөленуге лайықты деп есептеймін. Байқауды болашақта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар», - дейді жоба жетекшісі Сәуле Қайсар.
Жарыс қорытындысы бойынша, іріктеу кезеңінде бас жүлдені «Сәулем-ай» интеллектуалдық жан-жақты дамыту орталығының директоры Сәуле Ерниязова жеңіп алды. Енді Сәуле жыл соңында Астана қаласында өтетін финалда Атырау облысының намысын қорғайды. Байқаудың басты жүлделерінің бірі Лондонға жолдама. Сонымен қатар, демеушілер көмегімен финалдық кезеңнің жүлде қоры әлі де толығуда.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 23 000 әйел кәсіпкер тіркелген. Олар түрлі бизнес түрімен айналысып, бірқатар жұмыс орындарын ашуға себеп болды.