Атырауда еріктілер судан зардап шеккен ақтөбеліктерге азық-түлік дайындауда
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда «ААА» атты еріктілер ұйымының мүшелері Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін киім-кешектер мен азық-түлік жинауға кірісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Әлеуметтік желілер арқылы және өзіміздің байланыстарымызды пайдаланып, біз қалың көпшілікті көрші Ақтөбе облысында су тасудың салдарынан зардап шеккен азаматтарға қол ұшын созуға шақырдық. Олар жылы киім, консервілер, қант, балаларға арналған тағамдар, тазалық заттары, бір рет пайдаланылатын ыдыстар, жамылғы сияқты өзге де көптеген заттарды әкеле алатын еді. Яғни біз жинағанның барлығы да адам өміріне бірінші кезекте қажетті деген дүниелер»,-деді еріктілердің бірі Ақмарал атты қыз.
Атыраулықтар көршілері үшін гуманитарлық көмекті сәуірдің 28-не дейін жинауды көздеп отыр. Бұдан соң жиналған дүниелерді Ақтөбеге жібереді. Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесемін деген азаматтар 8-701-233-99-40 телефонына хабарласа алады.
Төтенше жағдайлар комитетінен хабарланғанындай, Ақтөбе облысында су тасқынымен байланысты жағдай оңалып келеді. Алайда, оның салдарымен күрес жалғасуда. Соңғы тәуліктерде 47 саяжай үйлері мен аулалар суға батып, 397 адам эвакуацияланған, 1 адам құтқарылды.