Атырауда есірткі шегіп, көлік жүргізген жігіт полициядан қашпақ болған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда есірткі шегіп, көлік жүргізген жігіт полициядан қашпақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл дерек 13 тамызда сағат 21:03 шамасында тіркелген.

«Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік кезінде С. Бейбарыс - Ә. Молдағұлова көшелерінің қиылысында мемлекеттік тіркеу белгісі жоқ, алдыңғы есігінің екі бүйір терезесі қараңғыланған «ВАЗ» автокөлігін байқаған. Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатпақ болған. Алайда, жүргізуші полицейлердің заңды талабына бағынбай, қаша жөнелген. Ол Махамбет көшесінде кедергі келтіру арқылы тоқтатылды. Көлік рөлінде Атырау қаласының 33 жастағы тұрғыны болғаны анықталды. Жүргізушінің көлік құралын жүргізу құқығы болмаған. Оның есірткілік зат қабылдап, рөлге отырғаны белгілі болды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Полиция қызметкерлері 33 жастағы жігітке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 608-бабының 6-бөлігімен (Алкогольдік немесе есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық мас күйде көлік басқару), 590-бабының 2-бөлігімен (Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсі жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару) және 613-бабының 1-бөлігімен (Полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамау) әкімшілік хаттамалар толтырды.

Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жол ережесі республикалық трассаларда жиі бұзылатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар