Атырауда еуростандартқа сәйкес 220 қоқыс жәшігі орнатылады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда қазіргі уақытта 120 жаңа контейнер әкелініп, орнатуға дайындалуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осылайша, облыс орталығында ғана емес, қала маңындағы ауылдық округтерде де қоқыс алаңдарының болмау мәселесі шешілетін болады.
«Арнаулы автобаза» ЖШС басшылығының айтуынша, қазіргі уақытта қалада 700 алаңда 3 600 қоқыс жәшігі орнатылған. Күн сайын қоқыс полигонына екі ауысымда 300 тоннаға дейін қоқыс тасылады.
«Атырау қаласының әкімдігі 222 жаңа еуро стандартты қоқыс жәшігін сатып алды, бүгін олардың 120-ы қалаға әкелінді және орнатуға дайындық жүріп жатыр, ал қалған 102 жәшік осы аптаның соңына дейін қабылданады. Біз оларды қаланың орталық көшелерінде орнатуды жоспарлап отырмыз. Ескі қоқыс жәшіктері жөнделіп, қала маңындағы ауылдық округтерге жеткізіледі», - деп мәлім етті «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуов.
Атырау қаласын санитарлық тазалаумен айналысатын кәсіпорын «Арнауды автобаза» ЖШС-да 280 қызметкер жұмыс жасайды және мекемеле 150 арнайы техника бар.