Атырауда ит талаған баланың жағдайы тұрақты ауыр күйде қалып отыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда ит талаған жеті жасар баланың жағдайы «тұрақты ауыр» деп бағалануда, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Еркінқала кентінен ит қапқан бала бізге клиникалық өлім жағдайында түсті. Оның жүрегі соқпады, дем ала алмады. Алайда реаниматолог оның жүрегінің жұмысын қалпына келтіре алды. Баланы жасанды өкпені желдеткіш аппаратына қосты. Денесінде жырылған жарақаттар көп.
Біртіндеп баланың жағдайы қалыпқа келді. Қазір ол өзі дем алып жатыр. Алайда дәрігерлер оның жағдайын бұрынғыша ауыр деп бағалауда», - деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Орындық Сиплова.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаевтың ақпаратына сәйкес, 2016 жылы Атырау облысында 1 494 адам жануардан зардап шеккен, оның 88,9%-ын ит қапқан.