Атырауда қамыс арасынан браконьерлер жасырған 105 млн теңгенің бекіресі табылды

None
Ашық көздерден алынған фото
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қамыс арасынан браконьерлер жасырған 105 млн теңгенің бекіресі табылды. Төрт қапқа салынған бекіре тұқымдас бағалы балықтың салмағы 101 келіден асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балық шарушалығы комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қамыс арасына жасырылған бағалы балық 20 мамырда табылған.

«Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының қызметкерлері 20 мамырда сағат 18:50-де «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы шеңберінде Жамбыл ауылы маңында рейдтік іс-шараныөткізді. Рейд кезінде Жайық өзенінің жағалауындағы қамыс арасынан жалпы салмағы 101,6 келі бекіре тұқымдас балық түрлері табылды. Бағалы балық 4 қапқа салынған», -деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі бірыңғай тізілімге тіркелген. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізеді.

«Балық ресурстарына келтірілген залал алдын ала есеп бойынша 105 млн 156 мың теңгені құрады. «Бекіре – 2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы жалғасып жатыр», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін браконьерлер Атырау облысында 64 млн теңгенің балығын қамыс арасына жасырып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Жайық өзенінің жағалауындағы қамыс арасынан 62,2 келі бекіре табылды. Браконьерлер бекірені 3 қапқа салып жасырған. Алдын ала мәліметке сәйкес балық ресурстарына келтірілген залал мөлшері 64 млн 377 мың теңгені құрайды.


Соңғы жаңалықтар