Атырауда қарияны өлтірген қаскүнем 17 жылын темір тордың ар жағында өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жалғыз басты зейнеткерді өлтірген қаскөйге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Атырауда қарияны өлтірген қаскүнем 17 жылын темір тордың ар жағында өткізеді

Тергеу дерегіне сәйкес, Аққыстау селосының тұрғыны М.А. зейнеткер К.С.-нің  жалғыз тұратынын, жинақ ақшасы бар екеніндігін біліп, жасырын пәтеріне кіріп, 334 721 теңге ақшасын жымқырған, деп хабарлайды Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қыззметі.

Бұл оқиғаға зейнеткер өзінің көршісі мен оның үйіне жиі келетін  інісі М.А. -дан күдіктенген. Сөйтіп бір күні қария үйдің дәлізінде көршісін кездестіріп, одан ұрланған ақшаны қайтаруды талап етеді.

Сол сәтте қарттың қатты дауысын естіген М.А. ағасының үйінен жүгіре шығып, қолына алған балтамен пәтеріне кіріп бара жатқан зейнеткердің мойын тұсынан соғады. Қарияны үйіне сүйреп кіргізіп, өзі қашып кетеді.

Біраз уақыттан кейін қылмысты жасыру үшін, адам өлімі болған жерге қайта оралып, мүрдені кілемге орап, үйден алып шығып, көшедегі кәріз құдығына лақтырып жібереді.

Сот үкімімен М.А. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен (ұрлық), 99-бабының 2-бөлігінің 10-тармағымен (кісі өлімі)  кінәлі деп танылып,  мүлкі тәркіленіп, 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жазаны өтеу орны «ерекше режімдегі" түзеу колониясы болып белгіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.