Атырауда қаржы пирамидасын құру күдігімен екі компанияға қатысты тергеу жүріп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі компания қаржы пирамидасын құру күдігіне ілінді. Қазір тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда қаржы пирамидасын құру күдігімен екі компанияға қатысты тергеу жүріп жатыр

Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб бастығы Бекболат Әнесовтің дөңгелек үстелде мәлім еткеніндей, жыл басынан бері қаржы пирамидасын құруға байланысты 3 дерек тіркелген.

«Тұрғындарды алдап-арбаудың алдын алу үшін мониторинг жүргізіледі. Мониторингтің нәтижесінде биылғы бес айда 3 дерек әшкереленді. Қазір «Chia Tai Tianging» және «InCruises» ЖШС-ға қатысты қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету дерегімен қозғалған қылмыстық іс тергеліп жатыр», - деп хабарлады Бекболат Әнесов.

Оның айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидасы ретінде әрекет етеді деген күдікке ілінген, сондай-ақ, сот үкімі шыққан ұйымдардың кеңейтілген тізімін (t.me/afm_rk) жариялаған.

«Облыс тұрғындары мен қонақтарынан туысқандары, не жақын таныстары қаржы пирамидасының әрекетінен зардап шексе, Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарлау сұралады. Азаматтарды қырағы болуға және ақшалай жинағын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырамыз», - деп мәлім етті Бекболат Әнесов.