Атырауда Каспий жағалауындағы қамыс өртеніп жатыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраудан бірнеше шақырым жердегі Каспий теңізінің жағалауындағы биіктігі үш метрге дейін жететін қамыстар өртеніп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қамыстың өртеніп жатқанын білеміз. Батпақты жердегі қопа өртеніп жатқандықтан отқа оранған аумақтың ауданы белгісіз. Арнайы техника ол жерге жете алмайды», - деп хабардайды Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Әзірге әуеге көтерілген түтін мен күйені жел теңізге айдап кетіп жатыр. Егер жел қалаға қарай соқса онда күйе жаууы мүмкін. Әлеуметтік желі пайдаланушыларының жазуынша, жағалаудағы қамыс-қопада көптеген тасбақа, жылан мекендейді. Мыңдаған құстар ұя салады. Оның ішінде Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін көкқұтан да бар.
Облыста өртті әуеден сөндіруге мүмкіндік жоқ.