Атырауда қазақстандық жоғары оқу орындары ректорларының кеңесі өтті
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда қазақстандық жоғары оқу орындары ректорларының кеңесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ректорлардың алдында сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев стратегиялық және мемлекетік бағдарламаларды жүзеге асырудағы жоғары оқу орындарының маңызды рөлін атап өтті.
«Мемлекет басшысы біздің қоғамымыздың ең белсенді тобы - жастарға білім беру ісіне ерекше маңыз береді. Мемлекеттің одан әрі дамуы үшін жастардың тек білім алып қана қоймай, көзқарастарының да кең болуы маңызды. Осы ретте университеттердің атқаратын рөлінің зор екендігін айта кету керек. Биылғы жылы облыста жергілікті бюджет есебінен білім гранттарын 222 абитуриент алды. Олардың 178-і педагогикалық, 35-і медициналық, 9-ы ветеринария саласы бойынша білім алады»,-деді Н.Ноғаев.
Мәжіліс барысында білім саласы бойынша жаңа буынның жобалары, «Экономиканың жаңа үлгісі аясында маман кадрларды дайындау», «Орталық Азияда білім беру хабін дамыту мен ғылымды жаңғырту» сияқты жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
ҚР Жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бектілді. Мәжіліс барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Абзал Талтенов оқу орнында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты. Олардың арасында ағылшын тілін оқытуға арналған «English Only Space» алаңы, бизнес-инкубатор және «i-Space» коворкинг орталығы, балаларға арналған «Kids University» білім беру алаңы, университет маңын жарықтандыру үшін күн жылуынан энергия алатын жүйе бар.