Атырауда Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың шығармашылық кеші өтті
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Қазақстаның Еңбек Ері Илья Жақановтың шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақ әндерінің шығу тарихы мен халық композиторларының шығармашылығын терең зерттеген Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, өнер зерттеушісі, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың шығармашылығына арналған кеш «Әнім саған, туған ел» деп аталған. Шығармашылық кешке Илья Жақанов пен жұбайы Тиыш Алтайқызы, облыс әкімі Серік Шәпкенов, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қызметкерлері қатысты.

Облыс әкімі көрерменін 60 жылдан астам уақыт әсем сазға бөлеген Илья Жақановты құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Илья аға – өткен ғасырлар сарыны мен бүгінгі кәсіби музыканы ұштастырған ғажайып өнер иесі. «Еділ мен Жайық» – бүгін де бейресми Гимніміз. Ағамыз сегіз қырлы бір сырлы, барлық өнер түрі бір өзінен табылған. Сіз – бүкіл қазақ өнерінің оның ішінде ән өнерінің тарихын зерттеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат еткен және оның дамуына зор үлес қосып жүрген бірегей талант иесісіз. Еліміздің келешегі үшін сіздің қыл қаламыңыздан туған, жүрегіңіздін шыққан дүниелердің берері мол. Ел Президентінен қолынан алған Қазақстанның Еңбек Ері ерекше атағыңыз бар қазақтың өнеріне берілген жоғары баға білеміз. Өзіңіз әнге қосқан Жайық жағасындағы Атыраудың ғана емес, бар қазақтың данагөй ақылманы, ән мен жырдың телегей-теңіз дариясы болып аман отырыңыз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз», -деді Серік Шәпкенов.

Шығармашылық кеште Нұр-Сұлтан, Алматы мен Орал қаласынан арнайы келген әншілер, Атырау облысының танымал өнер иелері, мәдениет саласының қайраткерлері мен үздіктері И.Жақановтың әндерін орындады.
«Әнмен өтіп келе жатқан өмірімнің бүгінгі салтанаты естен кетпейтіндей оқиға болды. Жан жүрекпен ұғынысқан, сахна төрінде барлығы үйлескен, сағынысып көріскен әдемі кеш өтті. Ән жазсам да, сурет салсам да, кітап жазсам да өткен сәт, бүгінгі сәт пен келешекті елестетіп отырамын. Ғасырларға кететіндей дүние болсын деп барыммен жазамын. Батыс өңіріне 25-30 әнімді арнап жазыппын», -деді Илья Жақанов.
Еске сала кетелік, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы, композитор Илья Жақановқа жоғарғы дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырған еді.

