Атырауда қоғамдық көлік паркі 20 жаңа автобуспен толықты

АТЫРАУ.  ҚазАқпарат -  Атырауда қоғамдық көлік паркі 20 жаңа автобуспен толықты. Осыған орай, № 4 және №8 бағдарлар толығымен жаңартылды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат  Атырау әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда қоғамдық көлік паркі 20 жаңа автобуспен толықты

Атырауда қоғамдық көлікті жаңарту тұжырымдамасын жүзеге асыру жалғасуда. Жоспар аясында автопарк тағы 20 жаңа автобуспен толықты.

Қалалық бағыттағы автобустардың  жаңартылуымен қатар, №4 бағдардың маршруты  өзгереді. Бұл өзгеріс «Нұрсая» ықшамауданынан «Дина» базарына дейінгі жолды едәуір қысқартады.

«Егер бұрын автобус Х.Досмұхамедов атындағы АМУ  және Атырау мұнай және газ университетіне аялдайтын болса, қазір  Махамбет көшесінің бойындағы Орталық көпір арқылы тікелей «Дина» базарына дейін жүреді.  №8 жаңартылған маршрут бағыты өзгермейді - Ширина ауылдық округінен  бастап Береке шағын ауданына дейін (Контейнер)», - дейді «Смарт Атырау»  қазыналық мемлекеттік мекемесінің директоры Әділбек Танкиев.

Айта кетейік, Атырау қаласында қоғамдық көлік тапшылығын жою мақсатында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Атырау «ӘКК» АҚ-ның қатысуымен «Атырау-Автопаркі» жаңа автобус паркі құрылды. Семейде құрастырылған 65 жаңа автобус сатып алынды. Осының арқасында №14, 12, 2, 4 және 8 автобустар  жаңартылды.

Сонымен қатар, қоғамдық көлікті жаңарту тұжырымдамасын іске асыру аясында  2019 жылы қосымша 200 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр.

Айта кетейік,  оларды сатып алуға  жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Қоғамдық көлік автобус паркін жаңартудың жаңа бағдарламасы бойынша сатып алынды.  Оның операторы - «БРК-Лизинг» АҚ.