Атырауда көлігіне жалған нөмір таққан 24 жүргізуші жазаланды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққан 24 жүргізуші жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстың патрульдік полицейлері жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты, соның ішінде мемлекеттік тіркеу белгілері жалған, қолдан жасалған көліктерді анықтау іс-шарасын жүргізуде. Патрульдік полиция батальонының командирі Нұрлан Сарсенбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрімен, сондай-ақ, мемлекеттiк тiркеу нөмiр белгiлерiнің түрін өзгертетін, жасыратын құрылғылар мен материалдармен жабдықталған көлiк құралдарын басқарған 24 жүргізуші анықталған. Олардың бәрі жауапкершілікке тартылған.

«Мәселен, жақында Геолог шағын ауданында Ресей Федерациясынан әкелінген «Toyota Camry» автокөлігі тоқтатылды. Тексеру кезінде көліктің мемлекеттік нөмірі жалған екені анықталды. Көлікті басқарған 24 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 590-бабының 4-бөлімімен (Көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бергілері бар көлік құралын басқарған) әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды. Жақында сот шешімімен бұл азамат 1 жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айырылды. Сондай-ақ, бұл баптың санкциясында 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу да көзделген», - дейді патрульдік полиция батальонының командирі Нұрлан Сарсенбаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көлігіне екі түрлі, сондай-ақ, жалған нөмір таққан жүргізушілер ұсталған еді.




Соңғы жаңалықтар