Атырауда көлік қаққан 16 жасар жасөспірім ауруханаға жеткізілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында 16 жасар жасөспірімді көлік қағып кетті. Зардап шеккен жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда көлік қаққан 16 жасар жасөспірім ауруханаға жеткізілді

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы бүгін, 14 қазанда болған.

«Жергілікті уақытпен сағат 17:50 шамасында Toyota Camry көлігі Атырау қаласының Азаттық даңғылындағы реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып кетті. Көліктің рульінде 57 жастағы жүргізуші болған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 2006 жылғы жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алған. Сол себептен, зардап шеккен жасөспірім жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тиісті құжаттарды жинақтап жатыр.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Аманжол Жұмалиевтың айтуынша, жол-көлік оқиғасын тек адамдар емес, қараусыз жүрген мал да себепкер болады. Жыл басынан бері сондай малдың кесірінен 76 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 27 жол апаты қыркүйек айында болған. Сегіз жол апатынан 6 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

Еске сала кетелік, Атырауда 14 жасар оқушы мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабар бергенін https://kaz.inform.kz/news/atyrauda-14-zhasar-okushy-mektepke-bomba-koyylgany-turaly-zhalgan-habar-bergen_a3989800 хабарлаған болатынбыз.