Атырауда көлік қаққан жасөспірімнің бірі ауруханада жатыр
Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен жасөспірімнің бірі жедел жәрдем бригадасымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Ал, екінші жасөспірім дәрігерлердің көмегіне жүгінбеген.
«Облыстық балалар ауруханасында 2004 жылы туған жасөспірім қыз жатыр. Науқастың денсаулығына компьютерлік томографиямен зерттеу жүргізілді. Оның бірнеше жарақаты бар. Жабық түрдегі бас-ми жарақаты мен контузия алған. Ішкі құрылысында жарақаты бары анықталды. Дәрігерлер науқасқа медициналық көмектің барлық түрін көрсетіп, бақылауға алып отыр. Қазір науқастың жағдайы тұрақталып, ем-дом алуды жалғастырып жатыр», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Атырауда екі жасөспірімді қаққан жүргізуші көлігін тастап, қашып кеткенін хабарлаған едік.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 тамызда сағат 22:40 шамасында «ВАЗ-2114» автокөлігінің жүргізушісі екі жасөспірімді қағып кеткен.
«Атырау қаласында көлік жүргізушісі екі жасөспірімді қағып кетті. Жүргізуші Сатпаев көшесінде орналасқан «Атырау» ойын-сауық орталығы тұсында реттелмеген жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқан екі жасөспірімді көлігімен қағып құлатқан», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Оларды қаққан жүргізуші көлігін оқиға орнына тастап, қашып кеткен. Қазір полиция қызметкерлері жүргізушіні іздеп жатыр. Ал, көлік арнайы тұраққа қойылды.