Атырауда көлік қаққан жаяу жүргінші ауруханада көз жұмды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көлік қаққан жаяу жүргінші ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен жаяу жүргінші бүгін, 12 сәуірде аурухананың жансақтау бөлімшесінде қайтыс болған. Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 10 сәуір күні сағат 21:00 шамасында болған.
«Атырау қаласындағы «Нұрсая» шағын ауданында Mercedes Benz көлік құралының рульінде болған 1979 жылғы жүргізушісі жолдың белгінбеген тұсынан өтпек өтпекші болған қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Зардап шеккен 32 жастағы жаяу жүргінші жедел жәрдем бригадасының көлігімен ауруханаға жеткізілген. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол апатына кінәлі жүргізушінің жеке басын анықтап, ұстады. Қазір аталған жол-көлік оқиғасына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 24 адам көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев мәліметінше, биылғы жыл басынан бері 54 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Облыс аумағындағы тас жолдарда жол апатынан 24 адам көз жұмып, 75 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Жол-көлік оқиғаларының бәрі жүргізушілердің жолаушылардың қауіпсіздігіне салғырт қарауынан болған.