Атырауда көлік оқушыны қағып кетті
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырауда жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан 14 жастағы оқушы қызды машина қағып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Оқиға Огородный көшесінде болған. Жедел түрде балалар ауруханасына жеткізілген қыздың жамбасы сынған. Сондай-ақ, ол жабық бас сүйек-ми жарақатын алған», -дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Алайда, куәгерлер әлеуметтік желілерге автомобильдің екі оқушыны бірдей қағып кеткенін жазып жатыр. Олардың біреуі ауруханаға жолшыбай көліктермен жеткізілгенге ұқсайды.
«Зардап шеккен екінші қыз туралы ақпараттың қаншалық рас екендігін білмейміз, ол әзірге ауруханаға түскен жоқ»,- дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.