Атырауда колледжді 400-ге жуық түлек үздік дипломмен бітірді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда колледжді 388 түлек үздік дипломмен бітірді. Колледжді тәмамдаған түлектер «Ақ жол саған, жас маман» атты облыстық V форумы аясында дипломдарын қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Шараның басты мақсаты  дарынды жастарды қолдау, үздік диплом иегерлерінің жаңа қадамдарына ақ жол тілеп, мамандықтарының білгірі болуына сеп болу.  

Жиынға техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының үздік түлектері, облыстық білім беру басқармасы ұжымы, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Жиында дипломдарды табыстаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев жас мамандарға сәттілік тіледі.

«2017 жылдан бастап республика бойынша тегін кәсіптік техникалық білім жүйесі енгізілді. Соған байланысты республика бойынша 2600-ге жуық жас тегін кәсіптік оқыту бойынша оқып жатыр. Біздің өңірімізде де маман даярлау бағытында облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, мамандар білім алуда. Елбасымыздың биылғы 5 әлеуметтік бастамасы бойынша студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізіліп келеді. Қабілетті маман дайындау жолында жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», - деді Қайырғали Рысқалиұлы.

Биылғы жылы Атыраудағы 25  техникалық және кәсіптік колледж бітірушілерінің саны  5115, оның 388-і үздік диплом иегерлері.

«Бүгін мен үшін ерекше күн. Бізге білім берген ұстаздарымызға, ауқымды шара ұйымдастырған облыс әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта осы меңгерген ұстаздық мамандығымды жалғастырып, беделді де білікті мұғалім болам деген сенімдемін»,- дейді Қатира Дүтбаева Атырау гуманитарлық колледжінің студенті Алтынай Ақылбек. 

Соңғы жаңалықтар