Атырауда коронавируспен ауырған соңғы науқас емделіп шықты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда коронивурспен ауырған соңғы науқас емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атыраудағы модульді ауруханаға 70 жастағы зейнеткер Сәуле Жолдыбаева 16 наурызда түскен. Оның өкпесінің 40%-ы зақымданған. Ауруханада 10 күн ем қабылдаған.

«Ауруханаға түскеннен бері дәрігерлер мен медбикелер тиісті көмегін көрсетті. Әр науқастың сауығып шығуы үшін уақытпен санаспай, еңбек етіп жүрген аурухана ұжымына айтар алғысым шексіз. Бастысы, қауіпті індет жойылып, қалыпты өмірге оралсақ екен деген тілегім бар», - дейді Сәуле Жолдыбаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары 2020 жылдың 27 наурызында алғашқы науқасты қабылдаған медицина қызметкерлерінің еңбегін атап өтіп, қызметкерлерге алғыс хаттар табыстады.

«Қазір облыста коронавирус инфекциясын жұқтырып, ем қабылдап жатқан науқас жоқ. Екі жылда қауіпті вирустың бірнеше толқыны, әртүрлі мутацияға ұшыраған штаммы тіркелді. Қауіпті індетпен күрес нәтижесін беріп, қазір соңғы науқас ауруханадан шықты», - деді басқарма басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.

Оның айтуынша, облыс әкімдігінің қолдауымен NCOC компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары шеңберінде бой көтерген модульді ауруханада дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Ал, медицина қызметкерлері жұмысын жалғастыра береді.





Соңғы жаңалықтар