Атырауда көшелерді жаңажылдық безендіруге 31,3 млн теңге жұмсалады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көшелерді жаңажылдық безендіруге 31,3 млн теңге жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шыршаларды мұнайлы шаһардың бірнеше бөлігінде орнату көзделген.
«Оның ішінде «Исатай-Махамбет» орталық алаңында жаңадан стаып алынған биіктігі 12 метрлік шырша безендіріледі. Бұған қоса «Нұрсая», «Вокзал маңы» шағынаудандары мен Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясы алдындағы алаңға биіктігі 9 метрді құрайтын шыршалар орнатылады. Ал, қаланы жаңажылдық безендіруге бұрын қолданыста болған сәулет нысандары, жазулар секілді әшекейлер пайдаланылады. Қаланың әр бөлігіне екі метрлік 5 шырша орнату көзделген», -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Мұнайлы шаһар бюджетінен жаңажылдық безендіруге 2019 жылы 43,7 млн теңге бөлінген.
Ал, 2020 және 2021 жылы бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған.
Еске сала кетелік, 2020 жылы Атырауда Германиядан әкелінген 9 метрлік шырша орнатылған еді.
Әкімдік демеушілер сыйға тартқан шыршаны Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының алдына орнатуды ұсынған.
Сол жерден көлемі 4х4, тереңдігі 1,5 метр болатын шұңқыр қазылған.
Шырша орнатылатын орын вермикомпостпен және басқа да қажетті органикалық минералды тыңайтқыштармен өңделген.
Шыршаны шұңқырға орнату үшін шамамен 0,5 метр дренаж қабатына құм, қиыршықтас, өзге де қоспа салынған.
Кейін бұл шыршаны алып тастады. Оған бұл шыршаның жергілікті климатқа шыдамай, қурағаны себеп болған.