Атырауда күн сайын 240 автобус жолаушы тасымалдау үшін жолға шығады
Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 20 қарашадағы президент сайлауы күнi шаһарда қоғамдық көлікпен жолаушыларды тегiн тасымалдауға шешім қабылданған.
«Қазір 6 кәсіпорын Атырау қаласы мен оған таяу орналасқан елді мекендерге қоғамдық көліктер 31 маршрут бойынша жолаушы тасымалдап отыр. Бұл кәсіпорындардың балансында 240 автобус тіркелген. Күн сайын кестеге сәйкес жолаушы тасымалдау үшін маршрутқа 240 автобус шығады. Әкімдік пен жолаушы тасымалын қамтамасыз ететін кәсіпорын басшыларының ортақ ұйғарымымен 20 қарашаға белгіленген сайлау күні шаһар тұрғындары мен қонақтарын тегін тасымалдауға шешім қабылданды», -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, қоғамдық көлікте тегін жүруге шектеу қойылмайды.
Бұл мүмкіндігін жас айырмашылығына қарамастан жолаушылардың бәрі пайдалана алады.
Еске сала кетелік, бұған дейін 25 қазанда Атырау тұрғындары қоғамдық көлікте тегін қатынап жүргенін хабарлаған болатынбыз.