Атырауда қызылша жұқтырған 6 адам ауруханада жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қызылша жұқтырған 6 адам ауруханада жатыр. Оның ішінде екі адам вирусты инфекцияны шет елдерден жұқтырып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда қызылша жұқтырған 6 адам ауруханада жатыр

Атырау облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың мәліметінше, 2 наурыздан 25 сәуірге дейін қызылша дертіне қатысты 16 жағдай тіркелген.

«Оның ішінде 6 жағдай зертханалық жолмен расталды. Түркия мен Тәжікстаннан келген екі адам қызылша жұқтырып алған. Қалғаны Атырау облысының тұрғындарынан анықталып отыр. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылды», - деп мәлім етті Мәдениет Танауов.

Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, қызылша ауруы балалар арасында көбейген.

«Қызылша жұқтырғандардың арасында 18 жасқа дейінгі 9 жасөспірім бар. Қазір қызылша ауруын жұқтырған Жаңаталап ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте дизенфекция және желдету жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Қайсар Абдалиев.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, аталған вирусқа қарсы вакцинаның 22 мың дозасы бар.

«Біз тұрғындарды екпе салдырып, аурудың алдын алуға шақырамыз. Өйткені, жұқпалы аурудан вакцина салдыру арқылы ғана қорғануға болады. Қызылшаның басты белгілері – дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрын, көз бен тамақтың қабынуы. Ал бөртпелердің пайда болуы диагнозды толық дәлелдейді. Ауа-тамшы арқылы берілетін бұл вирус балалар арасында көп кездеседі. Қазір 6 науқас №2 Атырау облыстық ауруханасында тиісті емін алып жатыр», - деп мәлім етті Қайсар Абдалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырауда қызылша табылған мектепте кей сыныптар онлайн оқитынын жазған едік.