Атырауда магистральды газ құбырын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ұлттық компанияның магистральды газ құбырын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда магистральды газ құбырын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қылмыстық топ мүшелері 21 сәуірде ұсталған.

«Қылмыстық топ Атырау облысындағы «Индер-Махамбет» магистральды газ құбырын ұрлап келген. Прокуратураның үйлестіруімен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «ҚазТранГазАймақ» АҚ-ның қорына ірі мөлшерде залал келтіруге байланысты қылмыстық істерді тергеу кезінде үш күдіктіні ұстады. Қазір 1978, 1984 және 1988 жылғы күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігінде көзделген бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.

Өзге ақпарат тергеудің құпиялығын қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қоймадан ондаған жылу батареясы мен есептегіштер ұрлаған күдіктілер ұсталғанын жазған болатынбыз. Шаһар тұрғыны Атырау қалалық полиция басқармасының №1 бөліміне қоймаға ұры түскені туралы шағым берген.

«Полиция қызметкерлері аталған дерекке қатысты жедел іздестіру іс-шарасын өткізді. Қоймадан шағымданушыға тиесілі 87 дана жылу батареясы, 15 қорапқа салынған 10 дана газ есептегіші мен 20 дана су есептегіші ұрланғанын анықтады. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынның мөлшері 5 млн 325 мың теңгені құрады», - деп хабарлаған еді департаменттің баспасөз қызметі.