Атырауда Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың соты басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін №2 Атырау қалалық сотында судья Г. Даулешованың төрағалық етуімен Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша сот отырысы басталды.
Соттың басы даумен басталды
Биылғы көктемде қамауға алынған күдіктілерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша (атап айтсақ 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйыдастыру, өткізу және оған қатысу) айыптар тағылуда.
Сот басталарда судья Г. Даулешова аудармашының міндеттерін түсіндіре бастап еді, күдіктілердің қорғаушылары аудармашының еңбек өтілін, мамандығын растайтын дипломын сұрап, оның біліктілігіне күмән келтірді. Бірақ олардың бұл әрекетінен түк шықпады. Сонымен бірге, сотта Макс Боқаев айыптау актісін осыдан бір апта бұрын алудан бас тартқанын судьяға жеткізді. Талғат Аяновқа да айыптау актісі 2016 жылы 29 қыркүйегінде тапсырылған. Сотта Т. Аяновтың қорғаушысы Төлепқали Аянов істі жүргізуші судья Г. Даулешоваға наразылық білдірді. Ол судьяны іс бойынша алдын-ала тыңдау өткізбей, сотталушының қорғалу құқықтарына өрескел нұқсан келтіргенін айтты. Алайда ол судьяны құрметтейтінін айта келе: «Сіз қылмыстық істер жүргізуде мол тәжірибеңіз бар адамсыз»,- деп мақтау сөз айтты. Одан кейін судья үзіліс жариялап, кеңесетін бөлмеге шығып кетті.
Тергеудің нұсқасы бойынша, шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов өзінің қарамағындағы қызметкерлері Н. Досанбаев пен О. Бекбауов арқылы Талғат Аяновқа Атырау қаласында «жер митингілерін» ұйымдастыру мен өткізу үшін 100 000 АҚШ долларын жіберген. 2016 жылдың сәуір айында Т. Аянов пен М. Боқаев жер заңнамасына қоғамның қызығушылығы артқан сәтті пайдаланып, «жер мәселесі» бойынша қарсылық акцияларын ұйымдастырады. Айыпталушылар Т. Аянов пен М. Боқаев тұрғындарды жер тақырыбына еліктіріп, халықтың патриоттық сезімін өз жеке басының мүддесіне пайдаланып, «Facebook» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларында «ел басшылығы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен компаниялардың жекеменшігіне айналдыруды жоспарлауда» деген сипаттағы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқан.
Сотқа дейінгі тергеу шараларынан анықталғаны, М. Боқаев пен Т. Аянов жер мәселесіне қатысты арнайы құрылған жер комиссиясының отырысына қатысудан бас тартып, Жер кодексіне енгізілген түзетулерді алып тастауға қарсылық білдіру үшін жұртты 21 мамырда қарсылық акциясына шығуға шақырған. Атап айтарлығы, аталған сот үдерісі ашық өтіп жатыр. Оған қызығушылық танытқан барлық БАҚ және қоғам өкілдері қатысуда.
Сот қорғаушының өтінішін қанағаттандырған жоқ
№2 Атырау қалалық сотының судьясы Бақытгүл Дүйсебалиева Т. Аяновтың қорғаушысы Төлепқали Аяновтың судьяға білдірген наразылығын қанағаттандырған жоқ. Оның айтуынша, қорғаушының өтінішінде заңдық негіз болмаған. «Сот Г. Даулешоваға істі жүргізуге наразылық білдіру туралы сотталушы Т. Аяновтың қорғаушысы Т. Аяновтың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Өтініш беруші келтіргендей, бұл жерде судьяның іске жеке қызығушылығының бары анықталмады. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 87 бабын басшылыққа ала отырып, қорғаушының судьяға наразылық білдіру туралы өтініші қанағаттандыруға жатпайды деген қаулы шығарылды. Бұл қаулы бойынша шағым түсіруге болмайды»,- деді сот отырысында Б. Дүйсебалиева.
Айта кетерлігі, Төлепқали Аяновтың өзі судьяға наразылық білдіре отырып, оның біліктілігі мен кәсіби шеберлігіне ешқандай күмән келтірмейтінін мәлімдеген еді.
Тергеудің нұсқасы бойынша, күдіктілер Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша (атап айтсақ 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйыдастыру, өткізу және оған қатысу) айыптар тағылуда.