Атырауда мас күйінде жол апатын жасаған әйелге 555 мың теңге айыппұл салынды

«Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 608-бабы 8-бөлігі және 476-бабы 6-тармағымен жол апатын жасаған азаматшаға қатысты әкімшілік іс қаралды. Сотта анықталғандай, құқық бұзушының көлік жүргізуге құқығы болмаған. Бірақ ол 3 мамыр сағат 18:50 шамасында алкогольді масаң күйде «MERCEDES BENZ 124» маркалы автокөлігін тізгіндеп келе жатып, Атырау қаласындағы Мамекұлы көшесі бойында «MITSUBISHI OUTLANDER 2.4» маркалы көлікпен соқтығысқан. Сонымен қатар, ол төтенше жағдайдың жариялануына байланысты тұрғылықты мекенжайдан шығуға салынған тыйымды бұзған» деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Онлайн режимде өткен сотта құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, қамқорлығында кәмелетке толмаған төрт баласы бар екенін айтқан. Алайда жәбірленушіге жол-көлік оқиғасынан келген залал өтелмеген.
Сот қаулысымен құқық бұзған азаматша кінәлі деп танылып, оған ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 608-бабы 8-бөлігімен 555 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, аталған кодекстің 476-бабының 6-тармағы бойынша ескерту түріндегі жаза қолданылды.