Атырауда мас жолаушы полицияның формасын жыртты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда мас жолаушы жол полициясының формасын жыртты. Оған 100 сағат қоғамдық жұмыстарға жегу жазасы берілді, деп хабарлады mgorod.kz.
Өз қызметін атқару барысында полиция аға сержанты Атырау-Орал тас жолында секем тудырған «Ваз-21154» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Мас ер адам көліктің жолаушылар жағынан шығып, жол полицейіне ұмтылған және тәртіп сақшысының формасын жыртқан.
«Айыпталушы ісімен таныс болған сот оның өз айыбын мойындағанын, бұрын сотталмағанын ескере отырып, ҚР ҚК 397-бабы, 1-бөлімі («Билік өкілінің заңды талабына немесе бұйрығына мойынсұнбау») бойынша айыпты деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға жегу түріндегі жазаны тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп хабарлады Махамбет аудандық сотының баспасөз қызметі.